Home » Жаңалықтар » «Оқы, Шабыттан, Жаса» Б. Момышұлы «Ұшқан ұя»

Ақпараттық-кітапхана қызметі мен «Әдебиет порталы» үстіміздегі жылда Университетіміздің 20 жылдығы қарсаңында жастарға ұсынған «20 жылдыққа –  20+2 кітап»  жобасы аясында және көркем шығарманы оқуға қоғамның назарын аудару, оқу мәдениетін дамыту және кітап оқу арқылы келешек ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру, жеке тұлға қалыптастыру мақсатында мектеп кітапханасында қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Тілеген Айгүл Балтабайқызының ұйымдастыруымен 8 «а» сынып оқушылары арасында аты аңызға айналған, Қазақ халқының батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасына арналған, «Қазақтың қарапайым бір ұлымын, жанымды арым үшін құрбан еткен» – атты  оқырмандар конференциясы өтті.

Шара «Батыр Бауыржан – рух пен намыс төресі» – атты бейнефильммен ашылды. Бұл жас оқырмандарымызға кейіпкеріміздің шығармасын оқып қана қоймай, ол туралы кеңінен танып білуді меңзейді және жас ұрпаққа өз отанының патриоты, еліне адал  Бауыржан Момышұлының бейнесін көрсетеді. Конференцияда оқылған шығарма негізінде «Мен оқимын, сен оқисың, құрбыларымыздың бәрі оқиды» – деген ұстаныммен жеті бөлім бойынша «Ұшқан ұя» шығармасы талқыланды.

1-ші бөлім. Зымыран оқиға «Қайран балалық шақ-ай десейші…» бұл жөнінде оқырман – Жақсылықов Нұрлыхан: «Бауыржан атасының шығармада бала жүрегі, бала көңілі, бала ойы алғашқы көргенін, сезгенін, алғашқы тұшынғанын сол қалпында, тұнық күйінде есте сақтап қалғанын әсерлі оймен жеткізіп берді.

2-ші бөлім. «Жеті атаға байланысты» Қазақта адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі бар. Оны «Жеті ата» – деп атайды. Өз атасын жеті атасына дейін білу әрбір азамат үшін міндет болған және сол білігі арқылы өз халқының салт-дәстүрін жалғастырып отырған. «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жейді». Бауыржан атамыз да «Ұшқан ұя» хикаясында әкесінің өзіне жеті атасын қалай үйреткенін әңгімелейді. Сол жайында оқырман – Наурызханұлы Шыңғыс әсерлі баяндай отырып, өзінің жеті атасын таратып айтып берді.

3-ші бөлімі. «Белгісіз бейне кім?», онда оқырмандар жазушының шығармасында көркем, әдеби тілмен бейнеленген кейіпкерлер: Зәпира мен Жартыбайдың бейнесін тауып айтып берді.

4-ші бөлім. «Сөздің көркі – мақал», онда шығармада кездескен мақал-мәтелдерді оқырмандар жалғастырып айтып берді.

5-ші бөлім. «Сауалхана. Қай кейіпкердің сөзі?» шығармада берілген кейіпкерлердің сөзін табу.

6-шы бөлім. «Сен білесің бе?». Бұл туынды халқымыздың ХХ ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы іспетті аса құнды,  қазақ руханиятының қазынасы, сол себепті шығармадан оқырмандар слт-дәстүр, бата-тілек, тыйым сөздерді, ұлттық ойындарды айтып, әңгімелеу, тұрақты тіркестерді табу болатын. Бұл бөлімде оқырмандарымыз: Тоқтарбай Алмат пен Ернұр, Байзақ Ақжан, Дүйсенбай Құттыбек, Көшербай Нұрдәулет, Қантай Санжар, Балта Берік, Бакищева Адель, Мәдиқызы Томирис, Бекишева Назым, Ашимов Асанәлі,  т.б. оқушылар белсенділік танытты.

7-ші бөлім. «Құндылықтарды ата…» оқырмандар шығармада көрніс тапқан отбасындағы басты құндылықтар жайында баяндап берді.

Міне осылайша «Бұл кештен оқушылар халық қастерлісі атанған батыр жайлы мағлұмат алып, көкейге қонымды ойлар түйді деп ойлаймыз» – деп, мұғалім Айгүл Балтабайқызы сөзін Бауыржан Момышұлының: «Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді. Ал халықтың жанын түсінбеу деген тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып сая да болмайды, жемісте бермейді. Қолына домбыра ұстаған бала имандылық пен дарындылықтың жылуы дарып, қатыгездіктен аулақ болады» – деген сөзімен қортындылап, оқырмандар конференциясы тағылымы терең құнды кітапты оқыған оқушыларға сәттілік тілеп, қолына домбыра ұстап, дарындылығымен танылып жүрген Ашимов Асанәлінің орындауында «Сарыарқа» күйімен аяқталды.

Кеш соңында кітапхана қызметкері О.Абенова кешті жоғары деңгейінде ұйымдастырып, шығарманы оқушыларға оқытып қана қоймай, санасына тоқып, жілікше шағып, майын тамызып тұрып талдауда зор үлес қосқаны үшін ұстаз Айгүл Балтабайқызына және белсенді ат салысқан оқушыларға үлкен алғысын білдіре отырып, оқушыларды бұл Кітапхана жобасындағы алғашқы қадам екенін айтып, осымен тоқтап қалмай, шығарма желісінде Байқауға қатысып өздерінің материалдарын ұсынуға болатынын жеткізді. Конференция аясында мектеп кітапханасы оқырмандарға Бауыржан Момышұлының шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге жазушы туралы газет-журнал материалдары, шығармалары ұсынылды.

            Сайтқа материалды әзірлеген: О. Абенова

Пікір үстеу

Әлеуметтік желі арқылы кіру

Ресурстар

polpred_banner


 

Мұрағаттар

Мекен-жайы: 010008 Астана қ., Тәуелсіздік, 50
E-mail: librarykazuniart@mail.ru
Яндекс.Метрика