Home » Жаңалықтар » ФАКУЛЬТЕТ КҮНІ. Кітаппен қауышу

Қазақ ұлттық өнер университетінде Ақпараттық-кітапхана қызметінің ұйымдастыруымен 2016 жылдың 22-27 ақпан аралығында Факультет күндері өтті. Мақсаты кітапхана мен факультеттер арасындағы байланысты нығайту және жастардың кітап оқу мәдениетін арттыру. Аталмыш шарада оқу бағдарламасына көмек көрсету үшін кітапхана қорындағы құжаттармен, жаңа түскен басылымдармен студенттерді және оқытушыларды таныстырды және «Болашаққа жол тартқан Қазақстан», «Болашақтың қуаты-Future Energy-Энергия будущего», «Театр әлемі және Маман Байсеркенов», «Театр саңлағы – Хадиша Бөкеева», «Қылқалам шеберлері» кітап көрмелерінің тұсау кесері өтті. Сонымен қатар, «20 жылдыққа – 20′ кітап» жобасы мен «Буккроссинг» кітап алмасу акциясы жарияланды. Жаппай кітап оқу азайып кеткен қазіргі заманда «буккроссинг» қоз¬ғалысы кітап пен оқырман арасын жақын-датудың тиімді жолы. Яғни, студенттердің кітапқа деген ықыласын ояту, рухани мәдениетін көтеру кезек күттірмейтін мәселе екендігін кітапхана ұжымы алға қойып отыр.

22 АҚПАН, СӘРСЕНБІ
Фаультет күні 22 ақпанда «Дәстүрлі өнер» факультетінен басталды. Ол заңдылық. Қазақ елінің мәденитетін, рухани байлығын, ұлттық дәстүрін әлемге танытуда және насихаттауда атқарар қызметі ерекше. Бүгінде факультетте дәстүрлі ән айту, домбыра, қобыз және халық аспаптар, айтыс өнері кафедралары жұмыс атқаруда. Ақпараттық-кітапхана қызметі басшысы Ғ.Т. Исахан студенттер мен оқытушыларға оқу бағдарламасына қажетті 2016 жылы келіп түскен жаңа әдебиеттер бюллетенінің, «Дәстүрлі өнер» факультетіне ұсынылатын кітап қорында бар әдебиеттер тізімінің дайындалғанын және ұйымдастырылып отырған іс-шараның мақсат-міндеттері жайлы толық ақпарт берді. Ақпараттық-кітапхана қызметінің қорындағы дәстүрлі өнерге қатысты 210 кітап, 185 CD және 45 газет-журналдан тұратын құжаттар көрмесі қойылып, шолу жасалды. Сонымен бірге факультет өмірінен қызықты фото-стенд қойылып, викторина ойындары студенттер тапқырлығын анықтау бағытында ойналды. Тапқыр студенттер кітаппен марапатталды. А.Салықов кітапхана сайтына және Интернет ресурстарына, цифрланған әдебиеттерге тоқталып, сұрақтарға жауап берді.

Дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің деканы Нүкеев Марат Болатұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай алдағы уақытта қажетті және цифрланған кітаптар, ноталар туралы өз пікірлерін білдіріп, кітапхана жұмысына оң баға берді. Күйші ұстаз Рымхан Әбілханұлы тұлғаның қалыптасуы үшін кітаптың алатын ролі мен маңызына тоқталып, студенттерді кітап оқуға үндеді.
Айтыс өнерінен шеберлік сабағы өте қызықты өтті. Айтыскелер Сырым Әділбек пен Сұлужан Таубалды тапқырлықтарымен, сөз өнерін шебер қолданысымен ерекшеленді. Ал, 1 курс студенті Сейтақын Шыңғыс «Сарыбайға» және 3 курс студенті Шегебай Өзгеріс «Балқадиша» әндерін жүрекке жеткізе орындады.

Студенттерге фаультет күнінің ұнағандығын «Дәстүрлі өнер» факультетінің 2 курс студенті Дина Бағашар: «Осындай қызықты іс-шаралар жиі ұйымдастырылса, әсіресе шеберлік сабақтары қызықты өтті. Музыкантар өз аспаптарымен өз шығармаларымен концерт берсе өте жақсы болады».- деп өз ұсынысын жазбаша білдірді. «Дәстүрлі өнер» факультеті күнінің қызықты, жан-жақты өтуі іс-шараның алдына қойған мақсатының орындалғандығының белгісі.

23 АҚПАН, БЕЙСЕНБІ
Айтулы шара аясында 23 ақпанда «Музыка» факультетінің күні өтті. Шара барысында музыка факультетіне арнап ашық кітап көрмесі ұйымдастырылып, 300-ге жуық құжаттар қойылды. Онда оқулық, ғылыми әдебиеттер, аудио-видео тасмалдағыш құралдар және т.б.

Ақпараттық-кітапхана қызметінің басшысы Ғ. Исахан жиналған қауымға кітапханада атқарылып жатқан істерге шолу жасап, кітаптың тұлға қалыптастырудағы роліне тоқталды. Одан соң сөз алған кітапхана үрдістерін автоматтандыру бөлімінің басшысы А. Салықов кітапхана сайтымен және электрондық ресурстармен таныстырды, электрондық каталогты пайдалану жолдарын көрсетті. Бұдан соң кезек «Музыка әлемінде» викториналық сұрақ-жауапқа ұласып, дұрыс жауабын берген студенттерге кітаптан сыйлықтар таратылды. «Музыка» факультетінің деканы, этномузыкатанушы, өнертану ғылымының кандидаты, профессор П. Шегебаев кітапхананың соңғы жылдары құнды кітаптармен толыққанына назар аударып, алғыс айтты. Шараға белсенді түрде қатысқан факультеттің үрмелі және соқпалы аспаптар кафедрасынан (меңгерушісі Н. М. Сапарова) доцент Р. Г. Байжигитов сөз сөйлеп, үрмелі және соқпалы аспаптар бойынша оқулық әдебиеттерінің жетіспейтіндігін, сондай-ақ, оқытушы А.Т. Исалиев оқытушылар мен студенттерге кітапханада оқу үрдісіне қажетті ноталы басылымдардың ішіндегі шығармаларды басып шығару қызметтері көрсетілсе деген ұсыныстарын айтып өздерінің тілектерін жеткізді. Сонымен қатар ішекті аспаптар кафедрасы (кафедра меңгерушісі С.Т. Туякова) мен эстрадалық өнер кафедрасына (кафедра меңгерушісі М. Т. Дәулетбақ) арнайы стенд және бұрыш әзірленіп, онда кафедралардың фото-суреттері, жетістіктерін көрсететін грамоталары мен дипломдары, кубоктары қойылды. Шараға факультеттің Вокалдық өнер және дирижерлау кафедрасы (меңгерушісі доцент А. Қ. Жылтыркөзов) оқытушылар: Д. Ш. Кабыкеева, Г.М. Хамзинаның жетекшілігімен студенттер белсенді түрде қатысып, мерекенің соңында 3 курс студенті Айгүл Үргенішбаева қазақтың халық әні «Желбір жекен», 2 курс студенті Бибігүл Тыныштық «Әйкен-ай» (концертмейстер – Е.С. Захарова) орындалды. Шара соңында факультеттерге арналып әзірленген «Жаңа басылымдар» бюллетені мен Музыка факультетіне арналған «Әдебиеттердің ұсыныстық тізімі» таратылды.

24 АҚПАН, ЖҰМА
«Көркем өнер» факультетінің күні 24 ақпан күні өткізілді. Онда көркем өнер факультетіне ашық кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге 262 ғылыми және оқулық әдебиеттер, 30-ға жуық аудио-видио тасымалдағыш құралдар, 30-ға жуық мерзімді басылымдар қойылып, кітапхана басшысы Ғ. Исахан келіп түскен әдебиеттер туралы және басқада жобаларды таныстырып, еліміздегі айтулы оқиғаларға байланысты кітапханада ұйымдастырылып жатқан кітап көрмелерімен, олардың ішінде ерекше атап өтетіні биылғы жылы Қазақстанда аталып өтетін қылқалам шеберлерінің мерейтойларының құрметіне «Қылқалам шеберлері» атты кітап көрмесі таныстырылды. Атап айтар болсақ, Қазақстанның халық суретшісі – Ғалымбаева Айша Ғарифқызы туғанына 100 жыл, суретші-кескіндемеші Рақымов Хайдардың туғанына 100 жыл, суреші, КСРО және Қазақстанның халық суретшісі, ҚР ҰҒА-ның корр. мүшесі, профессор, Телжанов Қанафия (Мұхамедханафия) Темірболатұлы, туғанына 90 жыл. Шара барысында кітапхана үрдістерін автоматтандыру бөлімінің басшысы А. Салықов кітапхана сайтымен таныстырып, викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырды, белсенді жауап берген оқырмандарымызға сыйлықтар тарту етілді. Шараға факультет деканы өнертану кандидаты, доцент Ардақ Кеңесқызы Юсупова бастаған бір топ оқытушылар мен студенттер қатысып, факультет өздерінің шеберлік сабақтарымен бөлісті. Онда, оқытушылар Ғ. Мұхтарова, С. М. Баширов, П.Ш. Серикбаевалардың жетекшілігімен «Қазақтың киіз үйі», ши тоқу «Көркем тоқыма» бөлімінің 2 курс студенті А. Хакимова, 3 курс студенттері А. Актаева және А. Бурбекова киіз басу және т.б. қой жүнінен тоқылған кілемшелер мен әшекей бұйымдар жасау бойынша шеберлік сабақтарын көрсетті. Сценография және сәндік өнер кафедрасының доценті Ғ. Мұхтарова киіз үйдің құрлысы мен киіз үй ішіндегі жабдықтарын таныстыра отырып, кітапханамен бірлесіп «Қазақтың киіз үйі» туралы ғылыми-практикалық шеберлік сабағын өткізу туралы ұсыныс жасады. Шара соңында кітапхананың әзірлеген «Жаңа басылымдар» бюллетені мен Көркем өнер факультетіне арналған «Әдебиеттердің ұсыныстық тізімі» таратылды.

27 АҚПАН, ДҮЙСЕНБІ
Театр, кино және ТД факультеті күні. Театр, кино және ТД факультеті кино, театр, теледидар және өнертану мамандықтары бойынша қызықты бағдарлама шеңберінде өтті. Театр, кино және ТД факультетінің деканы Сәулебек Асылханмен бірлесе отырып бағдарлама жасалды. Ақпараттық-кітапхана қызметі басшысы Ғ.Т. Исахан факультет күні бойынша ақпарат берді. Оқытушылар мен студенттерге оқу процесін жеңілдетуге көмек ретінде кітап қорында бар әдебиеттердің осы мамандық бойынша ұсыныстық тізімі, жаңа әдебиеттер бюллетенін табыстады.

Кітапхана қорынан 250 кітап, 45 газет-журнал, 40 CD көрмеге қойылды. Студенттердің режиссерлігімен қойылған қысқа фильмдер теледидардан көрсетілді. Факультет өмірінен фото-стенд қойылды. Кітапхана үрдістерін автоматтандыру бөлімінің басшысы А. Салықов кітапхана сайтын және электрондық ресурстарды таныстырып өтті. Бұдан соң кезек «Театр әлемінде» викториналық сұрақ-жауапқа ұласты, дұрыс жауабын берген студенттерге кітап сыйлық табысталды. Ашылу салтанатында А.Чеховтың «Шағала» пьесасындағы Треплевтің монологін Актерлік өнер, музыкалық театр әртісі мамандығының 3 курс студенті Н. Мүслимов (Жетекшісі: Т.Қамиев), Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» драмасынан үзіндісін Актерлік өнер, музыкалық театр әртісі мамандығының 3 курс студенті Е. Айымғазы (Жетекшісі: С.Т.Қамиев) ойнады. Қуыршақ театрының актерлік өнер мамандығының 2 курс студенттері «Қаздар» қойылымынан көрініс көрсетті (Жетекшісі: С.С. Мукулбеков.).

Өнертану кафедрасы профессоры Р.Қ. Мұқанова «Бүгінгі драматургия» тақырыбында дәріс оқыды. «Практикалық режисура» пәнінен 2-3 курс студенттеріне режиссура факультетінің оқытушысы профессор Е.К.Тапеновтың шеберлік сабағы өтті. Ш.Айтматовтың «Қош Гүлсары» қойылымынан үзінді (3 курс студенті Е.Абжолов, 2 курс студенті Н.Қалиев) көрсетті. Музыкамен әрлеген 2 курс студенті Т.Мажитов, дайындаған Н.Қалиев. «Анимация режиссурасы» мандықтары бойынша («Таң атты». Реж.: 4 курс студенті Қыдырбаев Сұлтан, «Үстірт». Реж.: 4 курс студенті Баян Әділбек, «Өзіңе сен». Реж.: 5 курс студенті Ертай Рахман (Жетекшісі: Ж.Нұрбекұлы) студенттер өз режиссерлік жұмыстарын көрсетті.

Театр, кино және ТД факультетінің ұстаздары К. Дүйсембаев, Т.Тайшанов, С. Мақұлбеков, Н. Ескендиров кітапханаға түскен жаңа басылымдар жөніндегі мағлұмат үшін алғысын айта отырып, осындай шаралар жастардың мәдени деңгейін, ой-өрісін дамытатынына ықпал ететінін тілге тиек етті.
Театр, кино және ТД факультеті студентері мен оқытушылары жауапкершілікпен, ұйымшылдықпен жоғары деңгейде факультет күнін өткізуге ат салысты. Студенттер белсенді, кітаппен дос, интелектілері жоғары жастар қоғамның белсенді қозғаушы күші екендігін көрсетті. Кітапхана тарапынан Сіздерге мың алғыс!

Факультет күніне арналған іс-шаралар қызықты, жақсы көңіл күйде, кітаппен дос болып білімді, ынтымақты қарым-қатынаста жұмыс жүргізу бағытында өтті. Іске Сәт!

Пікір үстеу

Әлеуметтік желі арқылы кіру

Ресурстар

polpred_banner


 

Мұрағаттар

Мекен-жайы: 010008 Астана қ., Тәуелсіздік, 50
E-mail: librarykazuniart@mail.ru
Яндекс.Метрика