Home » Кітапхана туралы » Біз БАҚ беттерінде » Музыка – әлем елшісі

10283-212-muzyka_lem_elsh_s__ru

Кеше Астанада 43-ші «ICTM Дүниежүзілік дәстүрлі музыка конференциясы» өз жұмысын бастады.

Бұл жаһандық музыка форумы посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттерде және Орталық Азия аумағында өз тарихында тұңғыш рет өтіп отыр. Шараға әлемнің әр тарапынан – 70-тен астам мемлекеттен келген музыка өнері саласының 800-дей жетекші маманы қатысуда. ICTM – сонау 1947 жылы құрылған және әлемнің 90 елін біріктіретін Дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңес. Оның форумдары әлемнің әр түкпірінде екі жылда бір рет ұйымдастырылады және кең ауқымдылығымен дараланады.

Тағы бір ерекшелігі, биыл дү­ниежүзілік музыкалық конфе­ренция Халықаралық түрік мә­дениеті ұйымының қолдауымен және Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің қам­қорлығымен, Астанада бір апта бойы, 16-22 шілде аралығында өтпек. 7 күн бойы әртүрлі тақы­рыптарда пленарлық отырыстар, семинарлар мен алқасөздер ұйымдастырылады, оларда ұлт­тардың дәстүрлі мәдениеті мен өнері зерделенеді.
Мысалы, алғашқы күн «Түр­кітілдес әлем музыкасы. Жаңа саяси георафия: ішкі және сырт­қы көзқарастар» тақырыбымен өтті. Айтқандай, түркітілдес әлем­ге дүниежүзінде 200 мил­лиондай адам жатады екен. Ал ғаламторда түркітілдес әлем му­зы­касын тыңдаушылар (жүктеп алушылар) саны екі миллиард адамға жуықтады. 
Жаһандық форумның кешегі ашылу салтанатына Қазақстан Үкіметінің атынан Премьер-ми­нистрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысып, сөз сөйледі: 
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан кон­ференцияның барлық қаты­су­шы­ларына қош келдіңіздер деймін! ICTM басшылығына 43-ші Дүниежүзілік дәстүрлі музыка конференциясын өткізу орны ретінде Қазақстанды, елордамыз Астананы таңдағанына алғысы­мызды білдіреміз! Бұл бекер бол­маса керек. Соңғы уақытта біздің музыканттарымыздың атағы бүкіл әлем­ге тарап, Қазақстан­ның және қазақ халқының даң­қын шығаруда. Олар әлемнің әр а­луан, ең беделді мәдени меке­мелерінде өз өнерлерін көрсетуде. Бізде өнерді дамытуға үлкен көңіл бөлінеді. Елбасы бұл сала­ны өз қамқорлығына алып отыр.

Бердібек Сапарбаев музыка адам бойы­на қуат беретіндігін айтты: «Музыка адам­ның көңіл күйін, тіпті денсаулығын жақ­сар­тады. Ең бастысы, ол – әлемнің елшісі. Музыка ұлт пен мемлекетке бөлінбейді, ол адамзатқа ортақ құндылық. Музыка адам­дарды жақындастырады» деді вице-пре­мьер. 

– Бұл шараны өткізудегі мақсат – елі­мізді брендке айналдыру. Бүгінде мәдени саясат – мемлекеттің идеологиялық және саяси-мәдени тұрақтылығының ажырамас бөлігіне айналды. Жаһандану заманының жақсылығы да бар, ол барша Еуразия құр­лы­ғы мәдениетінің дамуына ықпал етеді. Осы конференция қорытындысында дәс­түрлі музыканың дамуына септігін тигізетін материалдар, жинақтар, оқулықтар әзір­ленеді, – дейді Қазақ ұлттық өнер универ­ститетінің ректоры Айман Мұсақожаева.
Оның айтуынша, бір апта бойы Қазақ­стан, АҚШ, Ресей, Жапония, Қытай, Бра­зилия, Түркия, Оңтүстік Африка, Чехия, Ұлыбритания, Канада, Португалия және тағы басқа мемлекеттердің өкілдері ұлттық дәстүрлі музыка мен өнерді зерттеу сала­сында пікір алмасатын болады. 
Қатысушылардың байламынша, ICTM басшылығының кезекті дүниежүзілік кон­ференцияны биыл Астанада өткізу туралы шешім қабылдауы – «әлемдік қоғамдастық тарапынан көпэтносты және көпкон­фес­сия­лы Қазақстанға деген мәдени және ғы­лыми қызығушылықтың артып келе жат­қанының дәлелі, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік ғылыми және мәдени кеңістікте беделді көшбасшы бола бастағанының бір белгісі» болып табылады.
Ел үкіметі 43-ші Халықаралық конфе­рен­цияны – «еліміз үшін мемлекеттік маңызға ие тарихи, ғылыми және мәдени жоба» ретінде бағалап отыр. Себебі бұл «көп­ұлтты Қазақстанның дәстүрлі музы­калық мәдениетінің» ғылыми деңгейдегі, ғылыми кеңістіктің кең шеңберіндегі әлемдік тұңғыш таныстырылымы екен.
Елордадағы конференцияның қоры­тын­дысында дүниедегі барлық ұлт пен ұлыс­тардың дәстүрлі музыкасы мен би­лерін, материалдық және материалдық емес мұраларын зерттеу, құжаттау, сақтау және кеңінен насихаттаудың жаңа аспектілері пысықталады деп күтілуде. 
Әлемнің әр атырабынан жиылған ма­мандар мен ғалымдар бүгін «Музыка мен биді жасаушылар, дамытушылар және орындаушылар» тақырыбын талдайды. Оның аясында дүниежүзі халықтары өне­ріндегі ортақ нышандар да қаралады деп күтілуде. Бұл ұқсастықтарға ежелгі дәуір­лерде қазақ жерінен дүниенің төрт бұры­шына тараған сақтар мен ғұндардың ықпалы болуы да ықтимал. 

Елдос СЕНБАЙ

Дереккөз: http://aikyn.kz/

«Айқын» – Республикалық қоғамдық-саяси газет. 17.07.2015 (№130)-1,2 б.

Пікір үстеу

Әлеуметтік желі арқылы кіру

Ресурстар

polpred_banner


 

Мұрағаттар

Мекен-жайы: 010008 Астана қ., Тәуелсіздік, 50
E-mail: librarykazuniart@mail.ru
Яндекс.Метрика